Басты бет

Іздеу

Сенім телефондары

150

сенім телефоны арқылы өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға құқықтық, психологиялық және консультативтік қызметі көрсетіледі.

 

11616

Зорлық-зомбылық және қатыгез фактілері (тұрмыстық зорлық-зомбылық, еңбектік және сексуальды қанау) анықталған жағдайларда қалалық және ұялы телефондардан «11616» республикалық сенім телефона хабарласуға болады.

 

Қазақ билері PDF Print E-mail

Kazybekbii

      Келдібекұлы, Қазыбек би (1665—1765) — қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі.

    Шыққан тегі Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан. Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тапқыр сөздерді көп білетін зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентай күнінен жаттап өскен ол ер жете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды. Осы өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би», «алты алаштың ардағы» деген атаққа ие болады. Содан болар Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш биге билету арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады.

     Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында аянбай тер төгеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп қалғанда, оны босатып алуға белсене араласады.

   Сондай ақ ол Ресей, Бұқар, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге де араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған, аразды татуластырып, алысты жақындастырып отырған. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деп, ол елшілік қызметті де мінсіз атқарған тұңғыш дипломат. Оның тұңғыш рет он сегіз жасында елшілікке атшы болып барып, басшы болып қайтқаны ел аузында әлі күнге аңыз болып айтылады.

      1760 жж. Чиң империясы Қазыбекті өз жақтарына тарту мақсатымен оған елші жіберіп, мол сыйлықтар тартады. Бірақ ол Қытайдың қол астына қарауға қарсы болады. Сөйте тұрып, Абылайды Чиң империясымен тығыз қарым қатынас жасауға шақырады.

      Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы қасында жүріп, хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әр кез батыр жинап, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай ақ ақылымен жол тауып, ел бірлігінің емшісі бола білген. Әбілқайырды өлтіріп, ел бірлігіне сызат түсуіне себепші болған Бараққа: «Сылтауратып сытыла алмайсың, не өліп тынасың, не жөніңмен жеңіп құтыласың, екінің бірі, Барақ» деуі,ақыр соңында оны мойындатып: «Уа, би аға! Айттың сен, көндім кебіңе» деуге мәжбүр етуі тек Қазыбектей айбыны ай жасырған текті бидің қолынан ғана келсе керек.

     Шоқан Уәлиханұлының «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген еңбегінде:

      Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз деп сұрағанда, ол: "Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таңқалуға болады. Оның бірі 90 туысын Қалдан Сереннің тұтқынынан құтқарған қаракесек Қазыбек те, екіншісі өзінің сондай тұтқындағы туысын құтқарған уақ Дербісәлі. Мұның алғашқысы Қалданға өзі барып, сұрап алды. Соңғысы өзінің аулында отырып, жауын қорқытып алды деп жазады. Бұл заманында ақылымен қатарынан озған дана биіне ел басшысының берген нақ та әділ бағасы еді.

 

Aitekebii   Әйтеке би Бәйбекұлы – Кіші жүзден шыққан қазақтың атақты шешен биі. Қазақ шежіресінде Жанарыстың бір аталарынан Алшын одан Әлім, Жеті ру тарайды. Әлімнен Түмен, Шөмекей, Төртқара, одан Ораз, Оразгелді, Жаншұқыр, Қараш. Ораз (Меккеге барып қажы атанған, Әмір Темір патшаның бас кеңесшісі болған баба). Сол Ораздан Ақпан, Тоқпан. Тоқпаннан Сейтқұл туған. Сейтқұлдан сегіз ұл болған. Соның бірі кезінде Самархан шаһарын 40 жылдай билеген атақты Жалаңтөс баһадүр еді. Жалаңтөс батыр және оның ерлігі, ел билеудегі беделі жөнінде жазба деректер аз емес.

      Сейтқұл әулиенің енді бір баласы Ақша. Одан- Шан, Бәйбек, Қонысбек, Жоламан, Бекмембет, Бекенші ұрпақтары өсіп өнген. Бәйбектен Кешубай, Қашқын, Әйтеке туған. Әйтекеден Қонысбай, Жылтыр деген екі ұл қалған. Бұлардан тараған ұрпақтар ұзақ жылдар Самархан, Нұрата тауының төңірегін мекен еткен.

      «Тобықты Әнет бидей баталы бол, Кіші жүз Әйтекедей аталы бол» деп атақты Сегіз серінің батасында айтылғандай, Әйтеке би аталы тұқымнан. Оның арғы атасы Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған. Шығай хан Бұқардың Абдолла ханымен одақтас болып, Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, сонымен бірге қарауындағы елін ертіп, қотарыла көшіп келеді. Осы Сейітқұлдың сегіз баласының бірі — Әйтеке бидің әкесі Ақша да, бірі — кейін Самарқанның билеушісі болған, қазақ ханы Салқам Жәңгір 600 жауынгермен жоңғар қоңтайшысы Батырдың 50 мың әскерінің өтінде қалғанда, дер кезде көмекке жетіп, қазақ қолына айтулы жеңісті суырып әперетін атақты Жалаңтөс баһадүр. Жалаңтөс Самарқанға әмір болғаннан кейін ағасы Ақшаны Қоқанның ханы етіп сайлатады.

     Әйтеке жеті жасынан атасы Ақша ханның тәрбиесінде болған. Ел басқару ісіне, басқа елдерден келген қонақтарды қабылдау, халық арасындағы даудамай, келісім, бітім істеріне қатыстырып отырған.

     Екінші жағынан ауыл молдаларына оқытқан. Он жасынан атасы оны Жалаңтөс батырдың балаларымен бірге бұхарадағы медресеге оқуға береді, Ол оқуды үздік тәмәмдайды. Араб, парсы, тілдерін уйреніп шығады. «Әйтеке жиырма бес жасында Төртқара еліне би болады. Ал отыз жасында 29 рудан құралған бүкіл Кіші жүздің, яғни, алты ата Әлімнің 4 ата Кетеннің, 12 ата Байұлының, 7 ата Жетірудың төбе биі болып сайланады», содан бұл дүниеден өткенше ел билігінде жүреді.

         Бір жағынан Қытай, бір жағынан жоңғар, енді бір жағынан қазақ-орыс жерін торлап, шекараға әскерлерін шоғырландырған қиын күндерде Әйтеке би Төле бимен, Қазыбек бимен біріге отырып, елді, жерді қорғауға белсене араласады. Мәртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын кезінде алты алашты аузына қаратқан сол үшеудің біреуі — орақ ауыз, от тілді Әйтеке би ел басына терістік шығыстан қара бұлт үйіріліп келе жатқан қарсаңда бір мақсатта тізе ажыратпай талай жыл бірге күрескен серіктерін тастап, дертті болып, ата жұртына — Нұрата тауына оралады. Ол дерт Алланың жіберген ауруы емес, «Тура би туғанына жақпайды» деп, ел тағдырына қатысты мәселеде бет пен беделге қарамай турасын тіліп айтқан бидің сөзін кек тұтқан сұлтандардың қастығы еді.

 

Tolebii        Әлібекұлы Төле би (1663—1756) — қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Ұлы жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан. Шежірешілер «тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған. Олар „қарашоғыр“ атанған қара шаруа болған» деген дерек береді.Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдішімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады.Тәуке ханның тұсында Төле би «Билер кеңесінің» мүшесі ретінде мемлекеттік істердің оң шешілуіне айтарлықтай үлес қосқан, жыл сайын өтетеін бүкіл халықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол Орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы Әйтекемен бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бірегей Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене қатысады. Бұл Қазақ пен Жоңғар хандықтарының арасы шиеленісіп тұрған кез болатын.Тәуке хан өлгеннен кейін Қазақ хандығының іштей әлсіреуіне байланысты Төле би Ұлы жүзді билеп, жоңғар басқыншылары Жетісуды жаулап алуына байланысты біраз уақыт соларға тәуелді болады. Бірақ оларға алым салық төлеп тұрғанымен, саяси билікті өзінше атқарып, «ақ табан шұбырындыдан» кейінгі қазақ қауымын біріктіріп, оларды жоңғар феодалдарының езгісінен зат етуде аса зор ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Ол жоңғар қонтайшысына алым салық төлей отырып, Абылай ханмен, Барақ сұлтанмен, Шақшақ Жәнібек батырмен, сондай ақ Қоқан хандығымен байланысын үзбейді. Бұл ретте жоңғардың Жетісу жерін жаулаған қолбасшыларының бірі Сары Манджаның Төле бидің үйінде өлуі де біраз жайды аңғартқандай. Төле би Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қарым қатынасты қалыптастыруға күш салды. 1749 жылы Орынбор губернаторы И. И. Неплюевке өзінің жиені Айтбай бастаған елшілік жіберіп, Ресейға қосылу ниетін білдіреді.

      Төле би жоңғар билеушілерінің арасындағы тақ таласын өршіте қолдап, ежелгі жаудың іштей әлсіреуіне ықпал жасайды. Абылай хан мен Төле би таққа таласқан жоңғар нояндарын алма кезек қолдай отырып, ақырында Жоңғар хандығының құлауын қамтамасыз етеді. Бұл Төле бидің Абылай ханмен бірлесе жүргізген сырт саясатының ірі нәтижесі еді.

     Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталған. Оның атымен байланысты айтылатын нақыл сөздер, мақал мәтелдер, билік кесімдер де ел арасына кеңінен тараған. Төле би есімі тек Ұлы жүзде ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзде де аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргенінің айғағы. Бұған Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек бидің «Төле би дүниеден өтті» деген суық хабарды естігенде: «Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» деп, жер таянып, көзіне жас алуы да куәлік етеді. Бұл үш арысқа тірек болған үш асылдың бірінің екіншісіне берген бағасы. Бұдан асырып, жеріне жеткізіп, айту мүмкін де емес. Өйткені олар қасында бірге жүріп, бір бірінің қадір қасиетін жете таныған алыптар ғой!

 

 

 

 
© 2008 Павлодарский технологический колледж