Басты бет

Сапаның тәуелсіз бағалануы PDF Print Email

Қазақстан Республикасы 
Білім және ғылым Министрінің
2012 жылғы 18 маусымдағы 
№ 281 бұйрығымен 
бекітілген

Кәсіптік даярлық деңгейін бағалау және техникалық және қызмет

көрсететін еңбек кәсіптері (мамандықтар) бойынша біліктілікті
беру қағидалары

1. Жалпы ережелер
1. Осы Кәсіптік даярлық деңгейін бағалау және техникалық және қызмет көрсететін еңбек кәсіптері (мамандықтар) бойынша біліктілікті беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 20) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан техникалық және кәсiптiк білім беретін ұйымдарға таратылады.
3. Осы Қағидалар техникалық және қызмет көрсететiн еңбек кәсiптерi (мамандықтар) бойынша кәсiптiк даярлық деңгейiн бағалау және бiлiктiлiктi беру тәртiбiн анықтайды және төмендегіні:
1) кәсiптiк даярлық деңгейiн бағалау және біліктілік беру жөніндегі комиссияның қызметін ұйымдастыруды;
2) кәсiптiк даярлық деңгейiн бағалау және біліктілік беруді өткізуді ұйымдастыруды;
3) апелляциялық комиссияның қызметін ұйымдастыру және апелляцияны карауды;
4) сертификат беруді қамтиды.
4. Осы Қағидаларда келесі терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) кәсiптiк даярлық деңгейiн бағалау (бұдан әрі – КДДБ) - игерілетін мамандыққа қарай арнайы пәндер бойынша біліктілік емтихандарын (жазбаша тестілер) тапсыруды және біліктілік (сынама) жұмысын (практикалық тест) орындауды көздейтін, техникалық және қызмет көрсететiн еңбек кәсiбi (мамандық) бойынша кәсiптiк даярлық деңгейiнің сәйкестілік дәрежесін анықтау мақсатында өткізілетін рәсім;
2) біліктілік емтихандары (жазбаша тесттер) – ұзақтығы 2,5 (екі жарым) астрономиялық сағатта (150 минут) оқу бағдарламаларына сәйкес әр арнайы пәндер бойынша (қазақ және орыс тілдерінде) тестілеу нысанында өткізіледі;
3) біліктілік (сынама) жұмысын тапсыру – бiлiктiлiк сипаттамалармен, техникалық талаптармен көзделген, бiлiктiлiк деңгейiне сәйкес келетiн, практикалық тест түрінде аталған кәсiпке (мамандыққа) тән біліктілік (сынама) жұмысын орындау;
4) сертификат – «Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1310 қаулысымен бекітілген үлгідегі маманның біліктілік талаптарына, сондай-ақ стандарттарға сәйкестілік деңгейін (кәсіби құзыреттілік деңгейі) растайтын құжат (бұдан әрі – Сертификат);
5) сертификаттау жөніндегі тәуелсіз орган – сәйкестілікті растау рәсімін ұйымдастыруды және КДДБ қорытындылары бойынша Сертификат беруді орындау үшін белгіленген тәртіпте аккредиттелген заңды тұлға;
6) апелляция – КДДБ қатысушыларының КДДБ-ның белгіленген өткізілу тәртібінің бұзылуы не нәтижелермен келіспеуі жөніндегі жазбаша арызы бойынша даулы мәселелерді қарастыру және құқықтарын қорғау мақсатында өткізілетін рәсім;
7) біліктілік комиссиясы (бұдан әрi - БК) - емтихан тапсырушылардың білімдері, шеберліктері мен дағдыларының деңгейін, олардың оқу бағдарламалары мен біліктілік сипаттамаларына сәйкестігін анықтайды.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 03.07.2013 № 254 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

2. Кәсiптiк даярлық деңгейiн бағалау және біліктілік беру
жөніндегі комиссияның қызметін ұйымдастыру


5. Техникалық және кәсіптік білім бейіндері бойынша КДДБ өткізу және техникалық және қызмет көрсететiн еңбек кәсiптерi (мамандықтары) бойынша біліктілікті беру үшін сертификаттау жөніндегі тәуелсіз БК құрады. БК мүшелерінің саны кемінде 3 (үш) адамды (тақ сан) құрайды.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда- ҚР Білім және ғылым министрінің 03.07.2013 № 254 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
6. БК құрамы тестіленетін кәсіптердің (мамандықтардың) және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатарынан КДДБ өткізуден кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын құрылады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда- ҚР Білім және ғылым министрінің 26.08.2013 № 355 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
7. БК төрағасы ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес ұйымдары немесе жұмыс берушілер қауымдастықтары өкілдерінің арасынан тағайындалады.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда- ҚР Білім және ғылым министрінің 03.07.2013 № 254 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
8. БК төрағасының тестіленетін кәсіптер (мамандықтар) бойынша тиісті мамандығы бар.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда- ҚР Білім және ғылым министрінің 03.07.2013 № 254 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
9. БК құрамына қауiпсiздiк және еңбектi қорғау жөнiндегi органдарының өкiлдерi, өндiрiстiк учаскелердің шеберлерi, директорлардың оқу-өндiрiстiк жұмысы жөнiндегi орынбасарлары, арнайы пәндер оқытушылары, өндiрiстiк оқыту шеберлерi тартылады.
10. БК хатшысы сертификаттау жөніндегі тәуелсіз орган қызметкерлерінің қатарынан тағайындалады. Хатшы БК құрамына кірмейді.
11. БК құрамы, олардың жұмысын ұйымдастыру, тракторларды және басқа да өздiгiнен жүретiн ауыл шаруашылығы мелиоративтiк көлiктерiн, сондай-ақ автокөлiк құралдарын басқаруға берiлетiн куәлiктердi беру тәртiбi.
Тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол құрылысы машиналарын, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жүргізу құқығына емтихандар қабылдау және куәліктер беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 6 желтоқсандағы № 1556 Қаулысына сәйкес анықталады.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда- ҚР Білім және ғылым министрінің 03.07.2013 № 254 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
12. Арнайы ұйымдармен және ведомстволармен қадағаланатын объектiлердегi жұмыстармен байланысты (жүк көтергiш крандарының машинистерi, электрлiк көтергiштер (лифтiлер) слесарь-монтажниктер, газэлектрлiк дәнекерлеушілер, электрлiк станциялардың кезекшi қызметкерлерi және басқалар) бiлiктiлiк емтихандарын тапсыру кезiнде (жазба тестi) БК-нiң құрамына осы ұйымдардың өкiлдерi де кiредi.

3. Кәсiптiк даярлық деңгейiн бағалау және бiлiктiлiк беруді
өткізуді ұйымдастыру


13. КДДБ өткізуді ұйымдастырушы сертификаттау жөніндегі тәуелсіз орган болып табылады.
14. Кәсiптiк даярлық деңгейiн бағалауға техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың түлектері жіберіледі.
15. Кәсіптік даярлық деңгейін бағалау және біліктілікті беруге қатысу үшін:
1) КДДБ қатысуға кандидаттың өтінішін (еркін нысан);
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
3) бұрын берілген біліктілік туралы құжаттың көшірмесін (болған жағдайда) өткізу қажет.
16. Толық құжаттар пакеті ұсынылғаннан кейін КДДБ өткізу жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған келісім-шарт жасалады.
Ұсынылған құжаттар пакеті толық болмаған жағдайда КДДБ өтуге рұқсат берілмейді.
17. Бiлiктiлiк емтиханы (жазбаша тестiлеу) арнайы пәндер бойынша (қазақ және орыс тілдерінде) өткізіледі және оқу бағдарламаларына сәйкес 100 сұрақтан тұрады. Әрбiр тестiк тапсырманың дұрыс жауабы 1 (бір) балмен бағаланады.
18. Жазбаша тестiлеу бойынша 60 баллдан кем алғандар, бiлiктiлiк жұмыстарын тапсыруға жiберiлмейдi.
19. Жазбаша тесттердiң нәтижелерi баллмен бағаланады және сол күнi БК отырысының хаттамасы ресiмделгеннен кейiн жарияланады. Практикалық тест түрiндегi бiлiктiлiк (сынама) жұмыстарын өткiзу кезiнде бiлiктiлiк сипаттамалармен, техникалық талаптармен көзделген бiлiктiлiк деңгейiне сәйкес келетiн аталған кәсiп (мамандық) үшiн сипатталған жұмыс көзделедi.
20. Бiлiктiлiк (сынама) жұмыстарын орындаудың тiзбесi, мазмұны, және талаптары, оның ішінде бұйымдарды әзірлеу оқу жұмыс бағдарламалары мен бiлiктiлiк сипаттамаларына сәйкес анықталады.
21. БК мүшелерi бiлiктiлiк жұмыстарын бағалау кезiнде жалпы техникалық және арнайы пәндер бойынша нақты бiлiм деңгейiн, өндiрiстiк оқыту бойынша iскерлiк және практикалық дағдыларды және олардың кәсiптер (мамандықтар) бойынша оқу бағдарламалары мен бiлiктiлiк сипаттамаларының талаптарына сәйкестiгiн есепке алады.
22. Бiлiктiлiк (сынама) жұмысы:
1) егер тапсырма техникалық талаптар мен шарттарға сәйкес толық көлемде орындалса, қабылданған болып есептеледi;
2) бiлiктiлiк жұмыстарын (практикалық тест) орындауға арналған пысықтау нормасын (уақыт) орындамаған жағдайда қабылданбаған болып саналады.
23. Емтихан тапсырушы өткiзу тәртiбiн бұзған жағдайда, одан әрi емтиханды тапсыру туралы мәселенi БК төрағасы шешедi.
24. Кәсiптер (мамандықтар) бойынша бiлiктiлiк емтихандарының нәтижесi (жазбаша тест) және емтихан тапсырушыға бiлiктiлiк дәрежелерiн (класс, санат) беру туралы БК-нiң шешiмi БК-нiң төрағасы мен барлық мүшелерi қол қоятын хаттамаға жазылады және техникалық және кәсiптiк білім беру ұйымдарына жолданады.
25. Жазбаша тесттерді немесе біліктілік (сынама) жұмыстарын қайта тапсыру 3 (үш) ретке дейін тестіленетін кандидаттың өтініші негізінде және кемінде 10 (он) жұмыс күні өткеннен кейін рұқсат етіледі. Келесі қайта тапсыру бір күнтізбелік жыл өткеннен кейін рұқсат етіледі.

4. Апелляциялық комиссияның қызметін ұйымдастыру және
апелляцияны қарау


26. Даулы мәселелерді қарау және КДДБ қатысушыларының құқықтарын қорғау үшін сертификаттау жөніндегі тәуелсіз орган 3 адамнан тұратын Апелляциялық комиссия құрады (бұдан әрі - АК).
27. АК құру осы Қағидалардың 6-тармағына, ал АК-ның Төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптар 7 және 8-тармақтарына сәйкес келуі тиіс. АК құрамына БК мүшелері болып табылатын тұлғалар кіре алмайды.
28. АК хатшысы сертификаттау жөніндегі тәуелсіз орган қызметкерлерінің қатарынан тағайындалады. Хатшы БК құрамына кірмейді.
29. КДДБ-ға қатысушы кандидат тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда апелляцияға өтініш береді.
30. Апеляцияға өтініш (бұдан әрі – өтініш) АК Төрағасының атына тестiлеу нәтижесi жарияланғаннан кейiн бiр күн ішінде беріледі.
31. Өтініште келіспеу себептері көрсетілуі тиіс және өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаты қоса беріледі.
32. Апелляцияға беру үшін негіз болып табылатындар:
1) техникалық қате;
2) техникалық және кәсіптік білім бейіні бойынша тест тапсырмасы мазмұнының сәйкес келмеуі;
3) осы Қағидалармен белгіленген нормаларды бұзу.
33. АК бір тәулік ішінде апелляцияны қарастыру нәтижесіне сәйкес аппеляцияны қабылдамау немесе қанағаттандыру туралы тиісті шешімді қабылдайды.

5. Сертификат беру


34. КДДБ бойынша біліктілік емтиханынан ойдағыдай өткен тұлғаларға БК-ның хаттамасында ресімделген КДДБ нәтижесіне сәйкес сертификаттау жөніндегі тәуелсіз орган нақты кәсiп (мамандық) бойынша тиiстi бiлiктiлiк деңгейi тағайындалады және біліктілік беру туралы Сертификат берiледі.
35. Біліктілік емтиханын тапсыру қорытындысы бойынша БК шешімінің хаттамасы сертификаттау жөніндегі тәуелсіз органда сақталады.
36. Кәсiптiк даярлық деңгейi туралы сертификаттарды беру техникалық және қызмет көрсететiн еңбек кәсiптерi (мамандықтар) бойынша бiлiктiлiктi беру туралы Сертификаттарды есепке алу және беру журналында рәсiмделедi.
37. Сертификат алғандар туралы ақпарат білікті мамандардың деректер базасына енгізіледі және сертификаттау жөніндегі тәуелсіз органның сайтында жарияланады.

 
© 2008 Павлодарский технологический колледж